ШЫМКЕНТ: Тұрғындарға жайсыздық тудырған мейрамхана мәселесі шешілді

0
1 009

Самал-1 мөлтек ауданындағы мейрамхана директоры халыққа уәде берді.


ШЫМКЕНТ: Тұрғындарға жайсыздық тудырған мейрамхана мәселесі шешілді

Шымкенттік полицейлер Самал-1 мөлтек ауданында ұжымдық арызданушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2019 жылдың 9 тамызында Шымкент қаласы Полиция департаментіне Самал-1 мөлтек ауданында орналасқан «Гранд-Прага» мейрамханасының сағат 23:00-ден кейінгі уақытта түнгі тыныштықты бұзуы, мейрамхана алдында отшашу болуы, автотұрақ мәселесі, көше бойында орналасқан қоқыс жәшігін басқа орынға ауыстыру, мейрамхана жабылғаннан кейін тазалық жұмыстарын тыныш жүргізу мәселелері бойынша жергілікті тұрғындар ұжымдық арыз түсірген. Осы мәселеге байланысты Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Б.Шойынбаев халықпен кездесу өткізді. Аталған жиналысқа «Гранд-Прага» мейрамханасының маңайында тұратын тұрғындар және мейрамхана қызметкерлері мен атқарушы директоры, ардагерлер кеңесінің бастапқы мүшесі, №20 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар өздерінің талап-арыздарын айтып, арызда көрсетілген уәждер толығымен қаралды және уәждерді жою мақсатындағы жұмыстар өз шешімдерін тапты. Нақтырақ айтсақ, жиын соңында мейрамхананың атқарушы директоры алдағы уақытта құқықбұзушылықтардың орын алмайтынына уәде берді. Сонымен қатар, бұл мәселе учаскелік полиция инспекторларының ерекше бақылауында болатындығы туралы шешім қабылданды.