ШЫМКЕНТ: Ынтымақ көшесін асфальттау жұмыстары жақында аяқталады

0
814

Мердігер мекеме – «ӘлемТрансЖол» ЖШС ұзындығы 1 шақырымды құрайтын көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт төсеуде.


ШЫМКЕНТ: Ынтымақ көшесін асфальттау жұмыстары жақында аяқталады

Шымкент қаласы Ынтымақ көшесін асфальттау жұмыстары жақында аяқталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің жыл басында халықпен кездесуінде Бадам-1 алабының тұрғындары Ынтымақ көшесін асфальттауды сұраған болатын. Бүгінде халықтың өтініші орындалды.
Ынтымақ көшесін асфальттау жұмыстары аяқталуға таяу. Мердігер мекеме – «ӘлемТрансЖол» ЖШС ұзындығы 1 шақырымды құрайтын көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт төсеуде.
Бадамдықтар жол жөндеу жұмыстарына ризашылықтарын білдірді. Тұрғындардың өтініштерін басты назарда ұстай отырып, қала аумағында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасатын болады.

Айта кетейік, Еңбекші ауданындағы Базарқақпа тұрғын алабының халқы көптен бері кездесулерде жол мәселесін көтеріп келген. Нәтижесінде қала әкімінің бекіткен іс-шара жоспарына еніп, былтырдан бері аталған тұрғын алаптың барлық көшелері кезең-кезеңімен ретке келтірілуде. Жалпы ұзындығы 3,80 шақырымды құрайтын Кендала, Жастар, Тельман көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Ал, жолға төселген асфальттың қалыңдығы 10 см.

“Көшелерімізге 30 жылдан кейін асфальт төселіп отыр. Тұрғын алабымыз облыстан қалаға ауысқалы бері жол мәселесі енді қолға алынды. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолды жөндеу жұмыстарына кіріскен еді. Міне, шаруа соңына жетіп, қуанышқа кенелтті”, – дейді тұрғындар.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінде жөндеуге жоспарланған 308 көшенің 145 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 163 көшені аяқтап пайдалануға беру 2022 жылдың тамыз айының соңына жоспарланған. Сонымен қоса, Қаратау ауданы Қызыл су тұрғын алабының Гулистан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Гулистан көшесінің 2-кезеңі атауы жоқ көшенің соңына дейінгі аралықты қамтиды. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, ал ені 5 метр. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал, 2 кезеңіндегі жалғасы КХ-41 автомобиль жолының атауы жоқ көшеге дейінгі аумақты алып жатыр. Ұзындығы 2,1 шақырым болатын көшенің орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 3-кезеңге сәйкес жұмыстар КХ-41 автомобиль жолынан атауы жоқ көшеге дейінгі аралықта жүргізілуде. Көшенің ұзындығы – 2 шақырым, ені - 5м.