Мұрат Әйтенов «Асар» шағын ауданындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында болып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар орталығының ғимараты қалалық балалар клиникалық ауруханасының қарамағына берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
200 орындық ғимарат пациенттердің ем алуына өте қолайлы, барлық жағдайлары жасалған, талапқа сай заманауи вентиляция жүйесімен қамтамасыз етілген.
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов «Асар» шағын ауданындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында болып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Балалар ауруханасы жаңа туылған сәбиден бастап 18-жасқа дейінгі балаларға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек түрлерін көрсететін жалғыз көпсалалы аурухана. Аурухана базасында қажеттілік туындауына байланысты 2020 жылдан бастап жаңа профильдер яғни нейрохирургия, онкогематология, нефрология, урология, оториноларингология, эндокринология гастроэнтерология, бет-жақ хирургиясы, интервенция кардиологиясы, неонатальды хирургиясы ашылып қаланың барлық педиатриялық қызметі осында орталықтандырылды. Осыған байланысты жаңа ғимаратты қосқанда төсек орны 495-ке ұлғайды.
Бүгінгі күні мұнда соматикалық профиль төсектері қайта орналастырылып, ерте жастағы балалар үшін яғни 1 жасқа дейінгі науқастар емделетін және де ересек жастағы 1-18 жастағы науқастар үшін арнайы бөлек пульмонология бөлімшесі ашылды. Сондай-ақ неврология бөлімінің төсек орын қоры 40- тан 55-ке кеңейіп, эндокринология, педиатрия, аллергология, гастроэнерология бейіндері орналастырылды. Қазір аурухананың 2 ғимаратында қабылдау бөлімі, 6- төсектік жансақтау бөлімі, зертхана, сәулелі диагностикалық бөлімі жұмыс істеп тұр.
Тағы бір айта кетерлігі, балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуда мекемеде материалдық-техникалық база жаңарды. Қазір керек-жарақтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 94%-ды құрайды. Лор-комбайн, МРТ, нейрохирургиялық микроскоп, ангиограф, цифрлық рентген-аппарат, «Клинитрон» төсегі, ӨЖЖ аппараттары, IT-техникалардың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізілуде.
Өткен жылы ашылған ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқада мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен емдейді.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасы Шымкентте сапалы, жедел, қолжетімді медициналық көмек көрсетуде алдыңғы қатардағы мекемелердің бірі. Биыл аурухана тағы бір бөлімшемен толықпақ. Қазіргі таңда офтальмология бөлімшесін ашуға дайындық жұмыстары басталып, мамандар даярлануда.