Шымкентке соңғы 6 айда 215 мыңнан астам турист келген

0
412

Қазір шет мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, роуд-шоулар ұйымдастырып келеді.


Шымкентке соңғы 6 айда 215 мыңнан астам турист келген

Шымкент – туристер үшін тартымды, инфрақұрылымы дамыған, көрші мемлекеттерді еліміздің өзге де өңірлерімен байланыстыратын ірі торапты қала.

Бүгінде қала аумағында 144 қонақүй , 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 69 спорт орталығы, 10 саябақ, 7 республикалық сакралды нысан, 3 326 тамақтану орны, 150-ден астам туристік орталық орналасқан.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Нұрымбетов айтты.

Көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қаланың әуе қақпасының өткізу қабілеті жылына 1 млн. 728 мың адамды құрап, ай сайынғы әуе қатынас саны 570 рейске жеткен. Қаламызда 2022 жылдан бері 14 жаңа рейс ашылды. Атап айтқанда Қостанай, Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Семей, Жезқазған, Қарағанды бағыттарына, ал чартерлік рейстер Джидда, Медина, Дубай, Пхукет бағыттарына ашылды.
Соңғы 6 айда мегаполиске 215 098 турист келген. Саяхатшылардың келу саны бойынша Шымкент Астана, Алматы қалалары мен Ақмола облысынан кейін 4 орында тұр.
Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының қызметкерлері қазір шет мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, роуд-шоулар ұйымдастырып келеді. Нәтижесінде шет елдерден биыл 100-ден аса тревел блогер мен турист келген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 400 мыңнан асыру жоспарланған.
Ал сыртқы сауда, туризм, ауыл шаруашылығы, ғылым-білім, мәдениет, спорт және өнер салаларында ынтымақтастықты арттыру мақсатында Түркия, Италия, Ұлы Британия, Қытай Халық Республикасы, Беларусь, Таиланд, Тәжікстан, Қырғыстан, Грекия елдерінің 13 қаласымен әріптестік байланыстар жүргізілуде.