Соңғы жылдары қалада жұмыспен қамту шаралары күшейтіліп отыр.
Шымкент қаласында жыл басынан бері 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мемлекет басшысы өңірлерде 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құруды тапсырған болатын. Бұл бағытта қазір қалада тиісті кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Халықты жұмыспен қамту шараларына биыл 57 мың адам жоспарланып, оның 42 мыңын тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Жыл басынан мегаполисте 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Соңғы жылдары қалада жұмыспен қамту шаралары күшейтіліп отыр. Осының нәтижесінде әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайып, 10 794 отбасын құрады.
Биылғы жылы қалада өңдеу өнеркәсібінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 14 жоба іске асырылып, 14 миллиард теңге инвестиция тартылатын болады.
Атап айтатын болсақ, «Shymkent Temir» ЖШС – болат блум өндірісін кеңейту жобасы. Құны – 5,0 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 250 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорында 50-ге жуық жұмыс орны ашылатын болады.
Ал, «Юг PLASTIC KZ» ЖШС – ПВХ-дан ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және үйлерге арналған жаңбыр суағарлары жүйесін өндіру жобасы. Құны – 1,5 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 150 мың тонна, құрылатын жұмыс орындарының саны – 20.
Сонымен бірге, «HYDROGEN ENERGY» ЖШС-нің сутегі асқын тотығын өндіру жобасы (производство пероксида водорода). Құны – 4,0 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 8 мың тонна. Бұл жерде 25 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Айта кетейік, Шымкентте үш жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мүмкіндіктер алаңы” бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 120 жұмыс беруші мекеме тарапынан 5000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыс іздеген азаматтарға медициналық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп пен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналасу мүмкіндігі берілді. «Арбат» алаңында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай мен Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарынан арнайы келген өкілдер бос жұмыс орындарын ұсынды. Аталған іс-шараның мақсаты – қаланың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектері мен жұмыссыз жүрген азаматтарды нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамту. Осыған байланысты қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізіп, екі тарапқа да тиімді шарттардың болуын қадағалайды.