Шымкентте 30 жылдық мерейтойға орай бес өндірістік жоба іске қосылады

0
596

Сонымен қатар, биыл «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1 946 жобаға қолдау көрсетілді.


Шымкентте 30 жылдық мерейтойға орай бес өндірістік жоба іске қосылады

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков тікелей эфирде атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқарма басшысы негізгі жұмыс бағыттары – өнеркәсіпті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту және бизнесті мемлекеттік қолдау бойынша жұмыстардың барысына тоқталып өтті.
Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан қайтарымсыз гранттар беру, мемлекеттік қолдау шаралары бағытында, жалпы 40-қа жуық сауалдар қойылды. Б.Дүйсебеков барлық сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлардан хабардар етті.
Қалада 2021 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша өнеркәсіп саласында 718 кәсіпорын белсенді жұмыс істеуде. Оның ішінде 26 ірі және 44 орта кәсіпорындар. Онда 32,3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 632,5 млрд теңгені құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 108,9 млрд теңгеге артты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 710,0 млрд теңгеге жетеді деп болжануда.
Өңдеу өнеркәсібінде жиһаз өндіру (124,6 %), химия өнеркәсібі (131,9 %), машина жасау (159,8 %), дайын металл бұйымдарын өндіру (127,0 %), негізгі фармацевтикалық өнімдер (102,5 %), сусындар өндіру (111,0 %), мұнай өңдеу өнімдері (106,8%) салаларында өнім көлемі артқан.
2021 жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 325,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 41,2 %-ға артты. 2021 жылы жалпы құны 152,6 млрд теңге 63 инвестициялық жобаны (2,5 мың жаңа жұмыс орны) іске асыру жоспарланған. Бүгінде 63 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды.
Жалпы кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2021 жылы қала аумағында 14 млрд теңгеге 8 жоба іске қосылып, онда 450-ден астам жұмыс орны құрылды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында 1,3 млрд теңгеге тағы 5 жоба (115 жаңа жұмыс орны) іске қосылады.

Сонымен қатар, биыл «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 7 804,4 млн теңгеге 1 946 жобаға қолдау көрсетілді. «Мен кәсіпкер боламын» әйелдер мен жастар кәсіпкерлігі бойынша 10,0 млн теңгеге дейін 1%-дық шағын несиелер беру қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 060,0 млн теңге қаржы бөлінді.