Шымкентте 4,5 мыңға жуық адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды

0
345

Сонымен қатар, 273 жасқа жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр.


Шымкентте 4,5 мыңға жуық адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында қазір 13 323 адам ресми тұрғыда жұмысыз ретінде тіркелген.

Жалпы, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Биылғы жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланған.

Халықты жұмыспен қамту белсенді шараларына қатыстыру үш жоба негізінде жүзеге асырылады. Олар – кәсіпкердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту, субсидияланатын жұмыс орындары, жеке кәсібін ашу үшін жағдай жасау.
Алғашқы жобада жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға қысқа мерзімді кәсіптік оқытып, соңынан жұмысқа орналастырылады. Оқу барысында үш ай бойы шәкіртақы тағайындалған. Биыл осы бағытта 1 110 жұмыссыз азаматқа қайта оқыту курсына жолдама беріледі. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде 10 жұмыс күні ішінде мәлімдеген жұмыс орнына кем дегенде 6 ай мерзімге жұмысқа орналастыруға міндетті.
Халықты жұмыспен қамтуда субсидияланатын жұмыс орындары өзіндік мәнге ие. Биылғы жоспар бойынша 7 454 адамға субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру көзделіп, бүгінге дейін 4 490 жолдама берілді. Субсидияланатын жұмыс орындарына жастар практикасы, Алғашқы жұмыс орны, Ұрпақтар келісім шарты, Күміс жас, Қоғамдық жұмыстар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары кіреді. Бағдарламаға қатысушылардың еңбекақысы мемлекет тарапынан өтеліп жатыр.
Ал, жеке кәсібін ашу үшін «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде биылғы жылы 3 750 адамды оқыту көзделіп, бүгінге дейін 1 364 адам онлайн форматта кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастырды. Сонымен қатар, 2024 жылы 426 адамға кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 400 АӘК көлемінде қайтарымсыз грант беру көзделген. Алғашқы лекте 213 адамға грант берілмек.
Сонымен қатар, 273 жасқа жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Шымкент қаласы әкімдігінің арасында келісім шарт түзу жұмыстары жүргізілуде.