«Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 536 жас тұрақты жұмыспен қамтылған.
Шымкентте өткен жылы 13 022 жас жұмыспен қамтылса, оның ішінде 5000-ға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ал «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 536 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы қалада 14 пен 29 жас аралығындағы 239 443 жас бар.
- 2021 жылы да жұмыссыз жүрген азаматтарды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ оларды уақытша және тұрақты жұмыс орындарымен қамту шаралары жүзеге асырылмақ, - дейді Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары.
Жоғары білім алуға мүмкіндігі болмай немесе ЖОО-ны тәмамдап мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар «Еңбек» бағдарламасы аясында сұранысқа сай кәсіпті тегін меңгере алады. Ол үшін 3 айлық кәсіптік оқыту курсын оқуына болады. Арнайы сертификат алғандар мемлекеттік грантқа да қатыса алады. Одан бөлек, Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығы тарапынан жұмыс орындары ұсынылады.