Жұмыссыздықпен күрес шараларының бірі – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары.
ERNUR.KZ. Шымкентте биыл 55 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың шараларына қатыстыру жоспарлануда.
Оның ішінде 40 540 адам тұрақты, 7 839-ы уақытша, 7 482 адамды тегін кәсіптік оқуға жолдау көзделіп отыр.
Жұмыссыздықпен күрес шараларының бірі – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары. Оған - “Жастар практикасы”, “Қоғамдық жұмыстар”, “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісім шарты” және әлеуметтік жұмыс орындары кіреді. Мемлекеттік бағдарламалар азаматтарды бір жылға дейін жұмыспен қамтуға және алғашқы кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама қатысушыларының жалақысы 30 АЕК көлемінде мемлекеттен субсидиялануда.
“Күміс жас” мемлекеттік бағдарламасы - зейнеткерлік жасқа жақындаған азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Бағдарлама қатысушыларының да айлық еңбекақысын мемлекет субсидиялайды.
Қалалық “Еңбек мобильдігі орталығы” жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға ең алдымен, субсидияланатын жұмыс орындарын ұсынады. 2023 жылы 8 430 адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылып, жоспар асыра орындалды.
Жалпы, қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында былтыр 23 420 жұмыс орнын құру көзделген. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 31 197 жұмыс орны ашылып, жоспар 133,3 пайызға орындалды.