Қазіргі таңда жалпы Шымкент қаласы бойынша тіркелген 459 адвокаттың ішінде 119 адвокат мемлекет кепілдік беретін заң көмегін көрсетеді.
Заң консультанттары да мемлекет кепілдік беретін заңгерлік көмек көрсететін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары Айнұр Исабекова, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
– Осыған дейін бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін азаматтар үшін тегін заңгерлік көмекті адвокаттар ғана көрсетсе, енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, заң консультанттарына да осындай мүмкіндік беріліп отыр. Қазіргі таңда жалпы Шымкент қаласы бойынша тіркелген 459 адвокаттың ішінде 119 адвокат мемлекет кепілдік беретін заң көмегін көрсетсе, енді 1 119 заң кеңесшісі осы бағытта жұмыс атқаратын болады, - деді Айнұр Ақжігітқызы.
Спикердің сөзінше, 2021 жылы Шымкент қаласының адвокаттары мемлекеттік бюджет есебінен азаматтар үшін тегін көрсетілетін заңгерлік көмек шеңберінде 8 624 тұлғаға қызмет көрсетсе, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде – 7 742 тұлғаға заң көмегін көрсетті.
Адвокаттар қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер шеңберінде өкілдік ету мен қорғауды жүзеге асырады, сондай-ақ құқықтық консультация беру түрінде, оның ішінде құқықтық сипаттағы өтініштер, шағымдар мен құжаттарды жасауға көмектеседі.
Сонымен қатар, азаматтар адвокаттың немесе заң кеңесшінің көмегіне арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүгіне алады. Ол үшін www.eup.kz сайтына кіріп, «қызметтер» бөлігін таңдап, «заңгерді табу» бағанасы арқылы қажетті критерийлерді толтырып, «менімен байланыс» сілтемесіне өтуі керек. Аз уақыт ішінде азаматпен кері байланыс орнатылады. Дәл осы сайтта «онлайн кеңеске» де жүгінуге болады. Қызметтің бұл түрі хат алмасу түрінде көрсетіледі.
Сондай-ақ, заң кеңесшілердің толық тізімі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сайтында орналастырылған.
Айта кетейік, бір мәселе бойынша тұлға мемлекет кепілдік берген заң көмегін бір іс бойынша бір-ақ рет ала алады.