Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылды.
Шымкент қаласында 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысын жүргізіп, 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылды. Соңғы 4 жылда 12 жеке медициналық орталық пайдалануға беріліп, қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды.
Жалпы, соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Осы бағытта атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қалада жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға, нәресте өлімі 20,6% - ға төмендеді. Ана өлімі тіркелмеген.
Айта кетейік, қалада өткен жылы 24 800 орындық 43 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке азайған. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделуде. Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мегаполисте 2025 жыл соңына дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-уі жуырда пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 2029 жылға дейін сыйымдылығы 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда.
Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы қала қалыптастыру мақсатында 9 гүлзар, 1 саябақ салу және қала орталығындағы Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, аумағы 42 гектарды құрайтын Шымсити шағын ауданында жаңа саябақ құрылысын басталды. Қаладағы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында, жоспарға сәйкес жыл сайын 10 гүлзар салынатын болады.