Шымкентте 9 жарым мыңға жуық отбасыға АӘК тағайындалды

0
617

Әр бүлдіршінге ақшалай 5 175 теңге төленеді.


Шымкентте 9 жарым мыңға жуық отбасыға АӘК тағайындалды

Шымкентте 9 жарым мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларды қолдау мақсатында көрсетіледі. Бұл жәрдемді былтыр 1 тоқсанда қалада 11 988 отбасы алған болатын. Отбасылық табыстың артуы, тұрғындардың жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуы және жеке кәсіптерін ашуына байланысты биыл көмек алушылар 21,3 пайызға төмендеп отыр.
6-жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама биылдан бастап монетизацияланды. Әр бүлдіршінге ақшалай 5 175 теңге төленеді.
Биыл 2-тоқсанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70-пайызы, яғни 31 908 теңге кедейшілік шегі деп белгіленген.

Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмек – бұл жәрдемақы емес, табысы аз отбасылардың қаржылық жағдайын жақсартуға және дағдарысты еңсеру үшін олардың ресурстарын ынталандыруға бағытталған қиын жағдайға тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау. АӘК көрсетудің негізгі критерийі – жан басына шаққандағы табыстың өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болуы қажет. АӘК тағайындау өтініш берілген айдан басталады. Қаламыз бойынша құжаттар 2020 жыл басынан бері қабылданып жатқаны белгілі.
Сонымен қатар, АӘК тағайындау кезіндегі маңызды талаптардың бірі жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысуы болып саналады. Осы орайда, Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту бағытында 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 29 611 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқу бағытында 4 386 адам оқуға жолданып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 6 802 адам жұмысқа орналасты. Ал халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 18 423 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілген.