Автор Қазақстанда алғаш болып Абай Құнанбайұлының 38-ші қара сөзінің түпнұсқасын тауып, шағатай тіліндегі транскрипциясын жасап шыққан.
Шымкент қаласында һакім Абайдың 38-ші қара сөзіне негізделген қазақ әдебиетінде жарық көрген тұңғыш ғылыми монография – «Абай. Китаб тасдиқ» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Салтанатты шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында алғаш болып сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан аталған кітаптың абайтану ғылымына қосқан үлесі айрықша екенін атап өтті.
– Бүгінде жастарымыздың жаңаны танып-білуге деген құштарлығы, білім-ғылымға бет бұрғаны қуантады. Бұл да Тәуелсіздігіміздің арқасында жеткен жетістіктеріміздің айғағы. Ойшыл Абай, рухани білімді әлем заңдылықтарының негізгі қайнар көзі ретінде ұсынды. Кемеңгерді кеңірек таныту, оның жүрегіне терең бойлау, қазақ баласы үшін рухани тәрбиемен сусындаудың негізгі жолы деп білемін. Міне, осының дәлелі ретінде Әзімхан Үсенұлы жазып шығарған Абай Құнанбайұлының 38-ші қара сөзіне негізделген қазақ әдебиетінде жарық көрген тұңғыш ғылыми монографияның өскелең ұрпақ үшін құндылығы зор, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Сондай-ақ белгілі жазушы, журналист Мархабат Байғұт жас ғалымның Қазақстанда алғаш болып Абай Құнанбайұлының 38-ші қара сөзінің түпнұсқасын тауып, шағатай тіліндегі транскрипциясын жасап шыққанын және де сол еңбек бойынша жазылған ғылыми кітап екенін айтты.
Кітап авторы, абайтанушы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мұхтартану» ғылыми орталығының жоғары білікті маманы Әзімхан Исабек пен Абайдың құнды мұрасын зерттеуге баулып жүрген, Әзімханның ұстазы, ғалым, ОҚУ-дың «Мұхтартану» ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабек сөз сөйлеп, һакім Абайдың шығармашылығын әрі қарай да зерттеуге өз үлестерін қоса беретіндіктерін жеткізді.