Оған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады.
Шымкент қаласында «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп 2022 жылдың 15 тамызынан бастап республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқан басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады.
Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.
Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады.
2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған болатын.
Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады.
Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра, жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты Кеңестерінде талқыланады. Сонымен қатар, салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға сындарлы ұсыныстар ұсынылатын болады.
Айта кетейік, науқанның қорытындысы, сонымен қатар Бірлестік қызметінің нәтижесі биылғы жылдың аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады.