Мектептің жылдық жоспарына сәйкес әкелер алдағы уақытта оқушылармен ақпараттық-танымдық, спорттық және тағылымы мол шараларда бас қосып, белсенді жұмыстар жүргізетін болады.
Шымкентте әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және мектеппен байланысты нығайту мақсатында қалалық ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебі» құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған кеңестің төрағасы Исамудин Рысбай алқа мәжілісінде жаңа құрылған мектеп құрамын таныстырды. Төрағасы болып ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кенжехан Төлебаев бекітілді. Ал құрамына Абай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұ.Башенов, Еңбекші ауданынан З.Жайшыбеков, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Анарбаев, саясаттанушы, философия ғылымдарының кандидаты С.Аралбайұлы, теолог М.Естеміров, еңбек ардагерлері - Е.Сатқанбай, И.Төлегенұлы бар.
Сондай-ақ ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісінде жастар арасындағы құқық бұзушылық, ұлттық тәрбие, білім және отбасы құндылықтары жайында ойлар ортаға салынды. Әсіресе, қалалық ардагерлер кеңесінің мәдени, жастар және ұлтаралық орталықтармен жұмыс жасау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мыңжасар Асқаровтың жасаған баяндамасы бейжай қалдырған жоқ.
- Шымкентте бір жылда 2800 неке бұзылғаны жөнінде дерек айтылды. Бұл ел ағаларын бейжай қалдырмады. Жаһандану дәуіріндегі ұлттық рух пен ұлттық тәрбиені сақтау біздің басты міндетіміз болуы керек,- деді М.Асқаров.
Алқа мәжілісінде күн тәртібіндегі қаралған мәселелердің бәрі өзекті. Мәжілісте қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы мұндай мектептің қажеттілігін атап өтті.
–Білім ордаларында «Қыздар», «Аналар», «Әкелер» клубтары ашылған. Бірақ «Әкелер мектебінің» жұмысы ауадай қажет. Ажырасу бойынша да статистика да мәз емес. Өкініштісі, әке мен ата тәрбиесі ақсап жатыр. Жастар салт-дәстүрімізді жетік білетін үлкендердің тәліміне мұқтаж,- деді Жанат Тәжиева.
Мектептің жылдық жоспарына сәйкес әкелер алдағы уақытта оқушылармен ақпараттық-танымдық, спорттық және тағылымы мол шараларда бас қосып, белсенді жұмыстар жүргізетін болады