Шымкентте әкелер сайысы өтіп жатыр

0
646

Үміткерлердің өнерін арнайы қазылар алқасы бағалайды.


Шымкентте әкелер сайысы өтіп жатыр

Үшінші мегаполисте өнерлі және үлгілі әкелер байқауы өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сайыс ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығына, Отан қорғаушылар күні және Ұлы жеңіс мерекесі мен "Ардагерлер ұйымы" республикалық бірлестігінің құрылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған.

Жастар ресурстық орталығында өтіп жатқан сайысты тамашалауға ардагерлер мен әскери бөлімнің сарбаздары, қала тұрғындары жиналды. Қалалық ардагер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев сайысты ашып, көпшілікті мерекемен құттықтады.
Соңғы уақытта бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі өзекті мәселе болып тұр. Осыған орай былтырғы оқу жылынан бастап мектептердегі Әкелер институтын құрған болатынбыз. Соның нәтижесінде ата-аналар жиналысына қатысатын әкелердің қатары көбеюде. Бұл игі үрдіс алдағы уақытта жалғасып, жоспарлы жұмысымыз сабақтасады, – деді Кенжехан Атамқұлұлы.
Бұған дейін Шымкенттегі төрт ауданда әкелер сайысы өтіп, одан үздіктер іріктеліп шыққан. Бүгінгі ақтық сайысқа сегіз әке қатысып отыр. Олардың төртеуі "Үлгілі әке", ал төртеуі "Өнерлі әке" номинациясында бақ сынайды.
Үміткерлердің өнерін арнайы қазылар алқасы бағалайды. Төрағасы – ардагер Бекет Тұрғараев, құрамында жазушы Құлбек Ергөбек, белгілі әртіс Құрманбек Шойымбаев, қаланың наиб-имамы Мұхамеджан Естеміров, режиссер Сайрамбек Жұмабаев, Құлан Жанпейісов, Ерсұлтан Әмірбек бар. Үміткерлер төрт кезеңде сынға түсіп, өнерлерін ортаға салады.