Үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді.
Шымкент қаласында білім сапасын арттыру мақсатында тың жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Сапалы білім беру – қоғам дамуының негізгі факторы» бағытында PISA Халықаралық зерттеу апробациясына Шымкент қаласынан 13 мектеп ендіріліп, «Көшбасшылық академиясы» бағдарламасы іске асырылуда. Ал «Оқушылар сарайы» базасында заманауи жабдықталған «IT-орталығы», «Okulyk» онлайн емтихан платформалары жүзеге асырылып, білім сапасын көтеру шаралары басталды.
Бүгінгі таңда, қаладағы оқушылардың 181 253-і (73,8%) мектептен тыс білім беру ұйымдарында қосымша біліммен қамтылды.
Одан бөлек, осы жылы мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 263 кабинет (50-физика, 95-химия, 82-биология, 13-STEM, 23-робототехника кабинеттерін) орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, биылғы жылы 11 064 орынға арналған 24 мектеп пайдалануға тапсырылды. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді.
Айта кетейік, қашықтықтан оқыту жағдайында білім сапасын қамтамасыз ету мақсатында мұғалімдер мен оқушылар «Күнделік.кz», «Bilim Land», «College.Snation.kz», «Darin.onlain», «Onlinemektep» цифрлық білім беру платформасында жұмыс істеуде.