Бұл жобаға қатысушы нысандарға QR-коды арқылы «қызыл» және «сары» статуспен анықталған жеке тұлғалар бойынша 573 хабарлама түскен.
Бүгін Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ә.Төлебаев, департамент басшысының орынбасары А.Ахметов және эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы З.Есенғараеваның қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Баспасөз мәжілісінде департамент басшысы Ә.Төлебаев қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.
– Шымкент қаласы «қызыл» аймақта тұр. Осы жылдың 8 тамызында 565 жағдай анықталды. Оның ішінде симтомды 479, симптомсыз - 86. Ал 18 жасқа дейінгі балалар арасында 100 жағдай (14 жасқа дейінгі балалар саны 80) тіркелді. Қазіргі таңда Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Осы орайда, қала тұрғындарынан өтінерім: вакцина қабылдаңыздар. Өзіңізді, қоғамды, жақындарыңызды сақтаңыздар! Аурудың алдын алар бірден-бір жол - екпе салдыру, – деді Әбдіманап Қошқарұлы.
Департаменттің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы З.Есенғараеваның сөзінше, жыл басынан бері 8 тамызға дейін 21 535 нысан санитариялық-ағарту жұмыстарымен қамтылған. Барлық объектілерде коронавирустық инфекцияның (COVID -19) таралуына жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мониторинг қорытындысы бойынша 2 096 жауапты тұлғаға (жеке тұлға - 1969, жеке кәсіпкер - 75, заңды тұлға - 14, лауазымды тұлға - 38) хаттама толтырылған.
Баспасөз мәслихатында Департамент басшысының орынбасары А.Ахметов «Ashyq» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарды мәлімдеді.
– Шымкент қаласы бойынша «Ashyq» жобасына 938 нысан енді. Бұл жобаға қатысушы нысандарға QR-коды арқылы «қызыл» және «сары» статуспен анықталған жеке тұлғалар бойынша 573 хабарлама түсті. Қала бойынша 482, соның 212-і «қызыл» және 270-і «сары» статуспен анықталды. Осы ретте анықталған тұлғаларға 14-күндік үй карантинін сақтаулары керектігі туралы хабарлама берілді. «Сары» статуспен анықталған тұлғаларға санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды орындаулары туралы 251 қаулы шығарылды, – деді Алдарқұл Райымқұлұлы.
Сонымен қатар, басқа облыстардан келіп анықталған жеке тұлғалар (91 адам) бойынша санитариялық-профилактикалық іс-шаралар атқару үшін аумақтық департаменттерге хаттар жолданды. Карантин режимін сақтамай «қызыл» мәртебесімен анықталған 65 жеке тұлғаға 2 800 320 теңгеге айыппұл салынды. Бұл орайда анықталған тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда.