Жеңімпаздар алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Шымкент қаласында оқушылар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында аудандарда «Аула чемпионаты» ойындары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазіргі таңда қалада жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына барлық мүмкіндіктер жасалынған. Яғни, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары спорт алаңшаларымен қамтылған.
Айта кетейік, үш жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шымкент жастар лигасы» жобасының ІІІ - кезеңі өз мәресіне жетті. Финалдық ойындар қайта жаңғырып, реконструкцияланған «Металлург» стадионында өтті. Шымкенттің талай жылдық тарихына куә болған бұл стадионда жастардың спортпен алаңсыз айналысуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған.
«Шымкент жастар лигасы» жобасында футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Салтанатты шарада маусымның жеңімпаздары марапатталды. Әр спорт түрі бойынша чемпион командаларға демеушілердің қолдауымен алынған 20 миллион теңгенің 4 шағын автобусы табысталды.
Шахматтан - Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің, волейболдан - А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының, баскетболдан - М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның, ал, футболдан — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының командалары лиганың чемпионы атанды.