Жақын күндері ауызсу бұрқақтары жаңадан тағы 6 жерге орнатылмақ.
Шымкент қаласындағы 5 орында орналасқан ауызсу бұрқағы қайта іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мұндай су бұрқақтары өткен жылы Әл-Фараби ауданының демеушілері тарапынан адам көп шоғырланатын орындарға қойылған болатын.
Айта кетейік, Әл-Фараби ауданы аумағында көгалдандыру, күтіп ұстау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Қонаев, Бәйдібек би даңғылдарында және орталық көшелерде шөп орылып, газондар суғарылуда. Аудандағы басты көшелердің бойындағы ағаштарды пішімді түрде кесу және санитарлық қырқу, жасыл екпелерді суғару жұмыстары атқарылып отыр. Аталған жұмыстар аудан әкімі аппаратының күнделікті қадағалауына алынған.
Сонымен қоса, Абай ауданы аумағында санитарлық тазалық, шөп ору жұмыстары қарқын алды. Негізгі көшелер мен ішкі орамдық көшелердің және аулалардың санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті таңғы сағат 5:00-ден бастап жүргізілуде. Орталық көшелердегі қоқыс алаңдары күнделікті, ішкі орамдық көшелер аптасына бір рет тазаланады. Тазалық жұмыстарына мердігер мекеме «Build Stroi» ЖШС тарапынан 300-ге жуық жұмысшы мен 120 техника жұмылдырылған.
Қаратау ауданы аумағында тазалық жұмыстары күнделікті бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Ауданның санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысатын «Жасыл жер» ЖШС тарапынан жолдарды, аялдамаларды,арықтарды тазалау жұмыстары тұрақты атқарылып келеді.
Бүгінде ауданда орталық көшелер мен ішкі орамдық жолдарға механикалық тазалау жүргізіліп, аялдамаларды жуу жұмыстары жүйелі өткізілді.