Шымкентте автобус жүргізушілері мен кондукторлар ереуілге шықты

0
2 765

Оларды еңбек ақысы төмен, талаптары тым қиын жұмыс тәртібі ашындырған көрінеді.


Шымкентте автобус жүргізушілері мен кондукторлар ереуілге шықты

Бүгін «Шымкент BUS» компаниясының 100-ге жуық жүргізушісі мен кондукторы ереуілге шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оларды еңбек ақысы төмен, талаптары тым қиын жұмыс тәртібі ашындырған көрінеді.

Жалақысының тым аздығына наразы болған «Шымкент BUS» компаниясының жүргізушілері бүгін таңертең жұмысқа шығудан бас тартқанын айтқан едік. Олар өздеріне 300 мың теңге көлемінде еңбекақы берілуін талап еткен. Ал жүргізушілердің қазіргі таңдағы таза жалақысы 120 мың теңге болса, кондукторлар 70 мың теңгеге күн көруде.


- Осылай 30 жыл бойы шыдап келеміз. Автопарк басшылығы қорыққандығынан, тағы да бос уəде беріп тырысуда. Ұзақ уақыт бойы бұл мəселеге басшылық көз жұмып келгендіктен, соңы ереуілмен жалғасты, - дейді автобус жүргізушілері.


Компания басшысы Азат Сахатұлының айтуынша, жүргізушілер айлығы алғашқы кезде 130 мың теңге болса, кейіннен 155 мың теңгеге дейін өскен көрінеді. Ал кондукторлар ондай көлемдегі жалақы алмаған айтады.


- Кешке келесің - жоспарды көтеріп тастайды. 2 мың теңге қоса салады. 5 мың теңге қоса салады. Не кондукторға айлық жоқ, не жүргізушіні жарытпайды. Төлем картасын кондуктор болмаса халық валидаторға ұрмайды. Біздің жан-айқайымызды кім естіп жатыр? 70 мың теңгелік айлық кімге жетеді? Біреудің несиесі бар, біреудің пәтерақысы бар. Директор "осы жерге қоныңдар" дейді. Сонда бала-шағамызды кім бағады?- дейді кондукторлардың бірі.

Ереуілге шыққан «Шымкент BUS» компаниясының жүргізушілері мен кондукторларын қала әкімі Мұрат Әйтенов бүгін жұмысқа шығуға үгіттеп, кешке мәселенің шешімін тауып беруге уәде берген. Содан кейін жұмысшылардың біраз бөлігі ереуілін тоқтатып, жұмысқа шыққан.



Көп өтпей компания басшылығы мен жүргізушілер арасында екіжақты келіссөздер жүргізіліп, бір мәмілеге келген. Компания директоры Азат Фархадұлы жүргізушілердің жалақысын 200 000 теңгеге, ал кондуторлардың айлығын 100 000 теңгеге көтеруге уәде берген. Бұл шешіммен жүргізушілердің 90% келіскен. Ал келіспеген қоғамдық көлік жүргізушілері жұмыстан кететін айтқан.


«Shymkent Bus» компаниясында 480 жұмысшы бар. Автопарк 18 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Соңғы жылы ондағы автобустар толығымен жаңартылған.