Шымкентте автобустарды газбен қамтамасыз ет​етін үшінші станция салынады

0
1 094

Қазіргі таңда құрылыстың басталуына дайындық қызу жүріп жатыр.


Шымкентте автобустарды газбен қамтамасыз ет​етін үшінші станция салынады

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында автобустарды газ отынымен қамтамасыз ететін үшінші газ станция салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз хатшысы мәлімдеді.

Жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында, 2020 жылы газ метанмен жүретін 590 жаңа автобус сатып алынған. Қазіргі уақытта барлық автобустар қалалық тұрақты маршруттарға тартылып, күнделікті тұрғындарды тасымалдауда. Аталған автобустарды газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетуде. Ал үшінші станцияның салу үшін инвестор анықталып, жер учаске бөлінген. Қазіргі таңда құрылыстың басталуына дайындық қызу жүріп жатыр.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, қазіргі уақытта Шымкент қаласында 78 тұрақты қалалық маршрут қызмет көрсетеді, күнделікте маршруттарға 843 автобус шығады. Қалады жалпы автобустардың саны резервпен қосқанда 1000 автобусты құрайды. Жеке меншік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Ал, пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89 пайызды құрайды.

2021 жылы Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық төлем жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің артықшылығы - төлемдердің ашықтығын, тасымалдаушылардың кірістілігін және қалалық бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар тасымалдарды ұтымды субсидиялауына мүмкіндік беріп, көлік жүйесінің бюджетін қалыптастыруға таптырмас құрал болып саналады.

Қазіргі таңда, сатылған көлік карталар саны 230 мыңнан асады, қосымша сатылымда 70 мың карта бар. Қаламызда өтінімдерді қабылдау және көлік карталарын беру бойынша 2 офис жұмыс істейді. Күнделікті транзакциялар саны 350 мыңды құрап отыр, оның ішінде транзакциялардың 85% -ы көлік карталарымен төленеді.

Бұдан бөлек, қоғамдық көлік қозғалысын онлайн режимде көруге болатын "I-Kolik" мобильді қосымшасы іске қосылған. Қазіргі таңда, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар саны 170 мыңнан асты.

«Бүгінде жолаушыларды қолма-қол ақшамен төлеуге мәжбүр ететін кондукторлардың жұмысына көптеген шағымдар түседі. Жағдайды түзету үшін қалалық маршруттарда кондукторсыз жүйені кезең-кезеңмен енгізу міндеті қойылды. Жаңа жүйеге сәйкес автобуста кондукторлар мүлдем болмайды. Бұл дегеніміз, жолаушы өзі жолақысын қолма-қол, «Tolem» картасы, SMS код немесе QR- код арқылы төлей алады. Осы орайда, қоғамдық көліктерде жолаушылардың жол ақысын электронды төлеу процесін тексеру мақсатында, арнайы бақылау қызмет тобы құрылады. Бақылау тобының мамандары толығымен тексеру құрылғыларымен қамтамасыз етіледі», - дейді басқарма өкілдері.

Қазіргі уақытта, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Шымкент қаласы полиция департаментінің арасында жаңа жүйені іске асыру мақсатында меморандум түзілді. Меморандумға сәйкес, полиция қызметкерлері және бақылау тобы бірлесіп, жол ақысын төлемеген жолаушыларға әкімшілік құқық бұзу туралы хаттамалар түзіп, айыппұл сала алады.