Шымкентте балалар қабілетін дамытатын орталықтар салынады

0
868

Бүгінде Шымкентте 2 оқушылар сарайының құрылысы қарқын алды.


Шымкентте балалар қабілетін дамытатын орталықтар салынады

Шымкент қаласында балалар қабілетін дамытуға арналған 4 орталық салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында да білім саласына басымдық берген.

Іс-қимыл жоспарында Мемлекет басшысы балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объекті салу жөнінде жергілікті басқару органдарына тапсырма берді. Оның ішінде оқушылар сарайы, жас техниктер станциясы, балалар технопаркі, музыка және көркемсурет мектептері сынды нысандарды салу мәселесі көтерілген.
Президент тапсырмасына қатысты Шымкентте бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі 2023 жылы оқушылар сарайы мен шығармашылық орталықтың, ал 2025 жылы тағы бір оқушылар сарайының құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде Шымкентте 2 оқушылар сарайының құрылысы қарқын алды. Нұрсат шағын ауданындағы жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құрайтын оқушылар сарайының құрылысы биылғы жылдың бірінші жартысына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Ал, Тұран шағын ауданындағы оқушылар сарайының жалпы құны 9,4 млрд. теңгені құрайды. Нысанның құрылысына 2023 жылы жергілікті бюджеттен 936,6 млн. теңге қарастырылған. Құрылыс жұмысы 2024 жылға өтпелі.
Мұнан бөлек, Шымкентте 2021 жылы жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын №4 балалар шығармашылық орталығының құрылысы басталған-ды. Бұл нысанның құрылысын да 2 жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкентте 2 лагерь құрылысына бос жер анықталып, республикалық бюджеттен қаражат қаралған. Бүгінде құрылыс жүргізу бойынша құжаттары дайындалып отыр.