Шымкентте ​«​Бауырлас ел» деректі фильмінің салтанатты тұсаукесері өтті

0
2 074

20 минуттық деректі фильм Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың идеясымен түсірілген.


Шымкентте ​«​Бауырлас ел» деректі фильмінің салтанатты тұсаукесері өтті

Бүгін Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында» Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай дайындаған «Бауырлас ел» деректі фильмінің салтанатты тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Президенті телерадио кешенінің көмегімен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдасты бірлесе дайындаған 20 минуттық деректі фильмде түбі бір туысқан қазақ-өзбек халықтарының бауырластыққа негізделген тарихи қарым-қатынасы, байланыстардың тәуелсіздік жылдарындағы жаңа деңгейі баяндалады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтың кездесулерінде қол жеткізілген уағдаластықтар, бауырлас елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңі көрсетіледі.
Жаңа фильмді тамашалауға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев және зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, ассамблея мүшелері және жастар қатысты.
- Қазақ пен өзбек – тіріде базары бір, өліде мазары бір туысқан халық. Биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы жарияланды. Келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы белгіленбек. Бұл қадам қазақ-өзбек достығы мен тату көршілестігінің белгісі ғана емес, мәдени-өркениеттік тұрғыдан жақындасуымызға жол ашты. Бүгінгідей игі бастамалар, рухани бірлігіміздің және сан ғасырлық достығымыздың одан әрі нығая түсуіне қызмет ете берсін, - деді жиында сөз алған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков
Ал, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев достыққа адал, бірлікке бекем қазақ халқына ризашылығын білдіріп, барша өзбекстандықтардың ақеділ алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, жиында Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев, қоғам қайраткерлері Шалатай Мирзахметов пен Бахтияр Қадирбеков, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы міндетін атқарушы Заңғар Үсіпахметов жаңа фильмнің маңызына тоқталып, өзара мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықты одан әрі нығайту жайын сөз етті.
2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жарияланды. Өзбекстанда Қазақстан жылын да өткізу күн тәртібінде тұр. Бауырлас халықтардың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізетін бұл бастамаға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Интернационалдық мәдени орталығы өз үлесін қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Достық керуені» жобасы қолға алынып, қазақстандықтар Өзбекстанға бірнеше рет саяхаттап барды. Достық ниеттегі өзбекстандық делегаттар да еліміздің тарихи орындарына саяхаттар ұйымдастырды. Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы бұған дейін екі ел ғалымдарының қатысуымен ғылыми конференциялар өткізіп, қазақ-өзбек ақын-жазушылардың кездесуіне мұрындық болды.
Айта кету керек, бүгінде Өзбекстанда 800 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Ал Қазақстандағы өзбек этносы өкілдерінің саны 550 мыңға жуықтайды. Жүзеге асып жатқан игі бастамалар екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетіндігіне сенім мол.