Шымкентте бокстан VII халықаралық турнир басталды

0
694

Жарыста 130-дан аса жас боксшылар бақ сынап жатыр.


Шымкентте бокстан VII халықаралық турнир басталды

Шымкентте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына арналған бокстан VII халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған сайыста көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолиядан және еліміздің аймақтарынан, жалпы 130-дан аса жас боксшылар бақ сынап жатыр.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жарыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған сайыс жас спортшылар үшін зор мүмкіндік. Тәрбиелеп жатқан спортшылар осындай турнирлерде шыңдалады. Ендігі ретте сайыстың ауқымы одан әрі кеңейе бермек. Амалбек Қозыбақұлының мерейтойына арналған турнирден әлі талай дарындар шығатынына сенім білдіреміз, - деді қала әкімі.
Қала әкімі мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, жиында ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов ізгі тілегін жеткізді.
Халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 28 сәуір күні анықталады.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына орай, "Айырылу, табысу және арылу туралы толғам" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға спорт саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Амалбек Тшановтұсаукесер рәсімінде көпшілікпен емен-жарқын сұқбаттасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Көпшіліктің сауалдарына да жауап берді.

Сондай-ақ, жиында ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев арда азаматтың өмір жолынан сыр шертті.

Жаңа кітап 1500 дана таралыммен жарыққа шықты.