Бүгінгі таңда Шымкент тұрғындарының 31 пайыздан астамы бұқаралық спортпен шұғылданады.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған «ЖҰЛДЫЗДЫ 30 КҮН» мерекелік іс-шаралар жоспарына сәйкес, бүгін А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында бұқаралық жүгіру спорттық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұқаралық жүгіру спорттық іс-шарасына қала тұрғындары, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, дене шынықтыру және спорт басқармасының және басқармаға қарасты спорт мекемелерінің қызметкерлері, жалпы 400-ге жуық адам қатысты.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов сайысты салтанатты түрде ашып бергеннен кейін, қатысушылар патриоттық әндер тыңдап, 7 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
Нәтижесінде Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының жаттықтырушысы Бақдәулет Рисабеков мәреге бірінші болып жетті.
Мәреге алдыңғы қатарда келген қатысушылар Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында дипломдар және Алғыс хаттармен марапатталатын болады.