Шымкентте «Домалақ ана» операсы қойылады

0
2 767

Биыл 76 іс-шара өткізу жоспарланған.


Шымкентте «Домалақ ана» операсы қойылады

Бүгін «Шымкент қалалық опера және балет театры» МКҚК директорының міндетін атқарушысы Майра Мұхамедқызының қатысуымен опера және балет театры сахнасындағы жаңа қойылымдар мен алдағы жоспарлар бойынша брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Баспасөз мәжілісінде Майра Мұхамедқызы үшінші мегаполистегі бекзат өнер туралы сөз қозғады.

– Шымкент қаласының опера және балет театры репертуарында 16 опера, 1 мюзикл, 1 оперетта және 3 балалар балеті бар. Театр әртістері Польша, Германия, Италия мемлекеттерінде өткен халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, өңіріміздің абыройын асқақтатып келеді. Биыл Италия мемлекетіндегі, әлемге әйгілі «Карло Феличе» опера театрының директоры, маэстро Джузеппе Аквавивомен шығармашылық-әріптестік байланыс орнатып, еліміздегі үшінші опера және балет театрының мәртебесін әлемдік деңгейге жеткізу басты мақсат болып отыр, – деді Майра Мұхамедқызы.


Биыл 76 іс-шара, оның ішінде 40 қойылым, 36 концерттік бағдарлама мен фестиваль ұйымдастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, дарынды жас композитор Тасқын Жармұхамедтің «Домалақ ана» операсы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және наурыз мерекесіне орай қойылады.

Спикердің сөзінше, опера және балет өнерін жаңғырту мақсатында Италия мемлекеті Милан қаласының опера әншісі, тенор, опера орындаушылар маэстросы, ән айту техникасының профессоры, Италия опера мектебінің негізін қалаушы Анатолий Гусев эксперт-маман ретінде шақырылып, әртістердің техникалық мүмкіндіктерін реттеуге көмектесуде.


– Күні кеше Шымкент қаласы Опера және балет театрының әртістерін тыңдап, алғашқы қадамымды жасадым. Талантты, даусы өте жақсы өнерпаздарды байқадым. Яғни, алдағы уақытта стильдік және техникалық жағынан міндетті түрде көмектесемін, – деді Анатолий Алексеевич.


Айта кетейік, қалалық Опера және балет театрының 330 көрерменді сыйдыра алатын үлкен және 80 көрермендік кіші залы бар.