Шымкентте екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылды

0
971

Олар «Орда» (бұрынғы «Silkway Халықаралық университеті») мен «Мирас» университеті.


Шымкентте екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкент қаласының екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Олар «Орда» (бұрынғы «Silkway Халықаралық университеті») мен «Мирас» университеті.

2020 жылы «Орда» және «Мирас» университеттерін тексеру барысында білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталды. Екі жоғары оқу орнының қызметі тоқтатылып, оларға анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілді. Алайда жоғары оқу орындары қателіктермен жұмыс жүргізбей, 8 ай Комитеттің лицензияны тоқтата тұру туралы шешіміне шағымданумен айналысты. Бірақ соңында сот Комитеттің шешімін өз күшінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Ал университеттің көптеген шағымдары қанағаттандырылмады.

Енді Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 шілдедегі шешімімен аталған екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылды.

«Осы жылдың мамыр айында қайта тексеру қорытындысы бойынша қателіктермен жұмыс жүргізілмегені анықталды. Ең басты мәселе кадрларды даярлау сапасында болды. Мысалы, «Орда» Университетінде оқитындардың 97%-ы шекті балдан өте алмады және оқу процесінде алынған білім мен құзыреттердің жеткілікті деңгейін растай алмады. Екі жоо-да кестеге сәйкес жаппай сабақ өткізбеу фактілері анықталды. Ағымдағы бағалар қойылмаған, бекітілген кестеге сәйкес емтихандар өткізілмеген, пәндер толық көлемде оқытылмаған. Тиісті 5 кредиттің орнына тек 3 кредит игерілді. Барлық пән оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілмеген. Оқытушылардың бекітілген педагогикалық жүктемесі мен оның нақты орындалуы арасында үлкен айырмашылықтар бар, яғни оқытушыда жүктемеде белгілі бір пән бойынша дәріс оқу жоспарлануы мүмкін, ал іс жүзінде ол оны оқымайды», – деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы бақылау басқармасының басшысы Эльвира Сапарбекова.

Бұған дейін Тәуелсіз білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігі де осы жоғары оқу орындарын аккредиттеуді тоқтатты. Сондықтан бұл университеттер түлектерге диплом бере алмайды. Диплом алу және оқуды аяқтау үшін студенттер басқа университеттерге ауыса алады. Бұл жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында көзделген.

ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айырылған немесе білім беру ұйымы таратылған кезде құрылтайшы білім алушыларды басқа білім беру ұйымдарына ауыстыру үшін шаралар қабылдайды.