Мерекенің шырайын келтірген ертегі кейіпкерлері балаларға қызықты ойындар ойнатты.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент қаласында «Қамқорлық» №8 орталығы дендросаябақта «Бала –біздің болашағымыз» атты мерекелік іс-шарасын ұйымдастырды.
Мақсаты – балаларды шаттық шуағына бөлеп, көтеріңкі-күйге кенелту және айрықша көңіл бөлу арқылы олардың өмірге деген ынта-жігерін арттыру.
Айтулы жиынға қатысқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева балғындарды
мерекемен құттықтап, деніне саулық, амандық тіледі.
– Балалар – бұл әрбір шаңырақтың шамшырағы, қоғамның құнды қазынасы, ертеңгі күннің тірегі, әрі келер келешектің келбеті. Оларға қоғам болып қолдау көрсету, әрі жан жылуына бөлеу – адам болмысындағы құнды қасиет парасаттылықтың жарқын көрінісі. Балалардың мерекесі тек бір күн емес, отбасында әр күні болуы тиіс. Олардың өмірінің қауіпсіз болуы, денсаулығын сақтау, білім мен тәрбие беру жолында елімізде түрлі кешенді бағдарламалар қолға алынып жатыр. Ендеше барлық балаларды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Болашақ ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүруіне және елін, жерін қорғайтын азаматтар болып өсуіне тілектеспіз! – деді басқарма басшысы.
Мерекенің шырайын келтірген ертегі кейіпкерлері балаларға қызықты ойындар ойнатты. Балғындар ашық алаңға сурет салып, би билеп, спорттық жарыстан сайысты. Ең үздік сурет салған балалардың еңбегін бағалаған комиссия алғыс хат табыстады. Мұнан кейін, ана мен баланың би арқылы үлесімін арттыру мақсатында би жарысы мен спорттық ойындар ойнатылды. Ең жүйрік пен белсенді балаларды ынталандыру үшін марапатталды.
Осылайша балалар төл мерекесінде шаттыққа кенеліп, ата-аналар тарапынан ұйымдастырылған мерекелік дастарханнан дәм татты.
Айта кету керек, бүгінгі мерекеге орай Шымкент қаласындағы «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының ұйымдастыруымен 100-ден аса ерекше балалар мен олардың ата-аналарына «Кәусар» мен «Кувшин» дәмханасы мерекелік қуаныш сыйлады.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік кеште балғындар дәмхананың тәтті тағамдары мен сусындар, жемістерден дәм татып, мәз-мейрам болды.
«Кувшин» дәмханасында аниматорлар түрлі ойындар ұйымдастырып, ерекше балаларға көтеріңкі көңіл-күйге кенелді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан қызмет алушы балаларға арнап 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
«Біз бақытты баламыз!» атты мерекелік жиында балалар мекеме мамандарының көмегімен ашық алаңға түрлі түсті бормен суреттер салып, оны бояп шықты. Сурет салу – ұсақ қол моторикасын, қимыл-қозғалысын дамытып, түстерді ажыратуға көп көмегін тигізеді.
Мұнан кейін «Буденовское» БК» ЖШС-нің демеушілігімен аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері ерекше балақайларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.