Шымкентте гроссмейстер туристік сала өкілдерімен шахмат ойнады

0
978

Үш сағаттан аса жалғасқан сайысқа жалпы саны 12 ойыншы қатысты.


Шымкентте гроссмейстер туристік сала өкілдерімен шахмат ойнады

«Visit Shymkent» орталығы туристік индустрия өкілдерінің арасында шахматтан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер Гүлісхан Нахбаевамен бірсеанстық ойын ұйымдастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шараның мақсаты - «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін дамыту әрі туристік сала өкілдерінің интеллектуалды ойынға қызығушылықтарын арттыру.

"«Visit Shymkent» орталығының бастамасымен өтіп отырған шараға жалпы саны 15-ге жуық туристік индустрия өкілдері, яғни қонақ үй, туроператорлар, турагенттер және гид- экскурсовод өкілдері қатысып отыр. Жалпы, қазіргі таңда үшінші мегаполистің туристік әлеуетін арттыру үшін 37 мыңдай адам қызмет етуде. Біздің мақсат- сала қызметкерлері арасында өзара байланысты нығайту", - деді «Visit Shymkent» орталығының басшысы Ерлан Умаров.

Бүгінгі таңда, Шымкент қаласында шахматтың қарқынды дамуына барлық мүмкіндіктер бар. Қала мектептерінде шахмат арнайы пән ретінде енгізілген. Сондай-ақ 2021 жылы «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін қалыптастыру аясында шахматтан 8-18 жастағы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты үшінші мегаполисте өткен болатын.

Үш сағаттан аса жалғасқан сайысқа жалпы саны 12 ойыншы қатысты. Нәтижесінде 11-ін жеңіп, 1 қатысушымен тең ойнады. Айта кетейік, ойыншылар қатарында спорт шеберлігіне үміткерлер де болды. Ал интеллектуалды ойында белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы “Visit Shymkent” орталығы атынан алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, 1966 жылдан бастап 20 шілде Халықаралық шахмат күні ретінде тойланады. Бұл мереке 1924 жылы құрылған Әлемдік шахмат федерациясы шешімімен бекітілген. Оның тарихына үңілсек, мереке ойда жоқта пайда болған екен. Әлемдік шахмат федерациясы қалай да шахматты спорт деңгейіне көтеру үшін ойынға тиесілі күнді белгілеген көрінеді.