Шымкентте гүлдер фестивалі өтеді

0
582

Жеңімпаздар қомақты қаржымен марапатталады.


Шымкентте гүлдер фестивалі өтеді

Шымкентте «Менің гүлді аулам» атты гүлдер фестивалі өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров брифинг барысында мәлімдеді.

Шымкент қаласының әкімдігі аталған фестивальді келер жылдың сәуір айында өткізуді жоспарлаған. Ал, 1 қазаннан бастап конкурсқа өтінім беру басталып кеткен.

Байқау талаптары;

1. Ауланы көгалдандыру, гүлзарлар мен сәндік ағаштар егу және оларды үнемі тазалап, бұталар мен ағаштарға уақытылы күтім жасау, кесу (отырғызылған гүлдердің 25 %-ы қызғалдақ болуы қажет және қызғалдақ жанында көпжылдық гүлдер отырғызылу қажет);

2. Тұрғындардың аула аумағында көгалдандыру, абаттандыру, тазалық пен тәртіп сақтау, сенбілік жасау, ауланы эстетикалық безендіру жұмыстарына белсене қатысуы;

3. Құрғақ және зақым келген ағаштардың болмауы;

4. Абаттандыру (аула аумағын сырлау, бояу, кіре-берістің (подъезд) жағдайына да мән беру және т.б);

5. Фестивальдің жалпы тақырыбын ашу;

6. Аумақта атқарылған жұмыстар бойынша презентация және әлеуметтік бейнеролик;

7. Дизайнын әрлеуде креативті тәсілдер қолдану;

8. Суару жүйесі мен гүлзарларға күтім жасаудың оңтайлы шешімін табу;

9. Минералды тыңайтқыштарды қолдану;

10. Жалпы сметалық шығыс.

Менің гүлді аулам – бұл көпқабатты үй тұрғындарының өз аулаларын гүлдермен безендіруге арналған конкурс. Яғни, конкурсқа қатысушы тұрғындар ауланы көгалдандырып, гүлзарлар мен сәндік ағаштар егіп, оларды үнемі тазалап, бұталар мен ағаштарға уақытылы күтім жасап отыруы тиіс.

Одан өзге басты шарттардың бірі – гүлдердің 25%-ы қызғалдақ болуы қажет. Жалпы, қатысушы аула тұрғындары дизайнын әрлеуде креативті тәсілдер қолданып, фестивальдің тақырыбын ашу қажет. Жеңімпаздар қомақты қаржымен марапатталады. Атап айтқанда, 1 орын - 3 миллион, 2 орын - 1 миллион және 3 орын - 500 мың теңге. Жеңімпаздар әр ауданнан бөлек таңдалады. Яғни, Қаратау, Еңбекші, Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандарынан үш жеңімпаздан болады. Өтінім беру – «visit-shymkent.kz» сайты арқылы жүреді.

Айта кетейік, өткен жылдарда Шымкентте «Қызғалдақ жолы» атты гүлдер фестивалі өткен. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы бұл жолы фестивальге өзгерістер енгізіп, конкурс түрінде өткізуді жоспарлаған. Сондай-ақ, ауланы көгалдандыру, көркейту жұмысын да тұрғындардың өз қалауларына тапсырған. Күзде басталған жұмыстардың нәтижесі келер жылдың сәуір айында белгілі болады. Арнайы құрылған қазылар алқасы тиісті баға беру арқылы жеңімпаздарды анықтайды.