Шымкентте карантин эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды

0
568

Бұл туралы Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №20 қаулысында айтылды.


Шымкентте карантин эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкентте карантиндік шектеу шаралары мезгілсіз уақытқа дейін ұзартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №20 қаулысында айтылды.

«Шымкент қаласында карантин режимі және коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 2021 жылдың 02 шілдесінен бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылсын», - деп бекітілген құжатта.

Жаңа қаулыға сәйкес, адамдардың жиналуына байланысты кез-келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектеледі. Сонымен қатар, бетперде кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтау міндеттеледі.

Банкет залдардың жұмысына, сондай-ақ қоғамдық тамақтану объектілерінде және басқа да жерлерде еске алу, той, туған күндер, мерейтойлар, шығарып салу, «құдалық», «беташар», және басқа да салтанатты естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.

Қоғамдық тамақтану орындарында кальян қолдануға тыйым салынды. Адамдар көп жиналатын жерлерді, соның ішінде қоғамдық көлікті, автобус аялдамаларын, аулалардағы балалар алаңдарын, басқа қоғамдық орындарын, қала аумағын дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, карантин аяқталғанға дейін залалсыздандыру жұмыстары күн сайын жүргізілуі тиіс.

Жаңа қаулы 2021 жылғы 02 шілдеден бастап күшіне енеді.