Шымкентте көлік кептелісін реттеген оқушы жұртты сүйсінтті (видео)

0
1 426

Шымкентте көше қиылысындағы көлік кептелісін реттеген бала жұртты сүйсінтті.


Шымкентте көлік кептелісін реттеген оқушы жұртты сүйсінтті (видео)

Әлеуметтік желіде жолдың қақ ортасына тұрып, өздігін көлік қозғалысын реттеген жеткіншектің видеосы лезде тарап кетті. Ал бұл жайт үшінші мегаполисте болған деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Мектеп оқушысының бұл ісі көпшілікті сүйсіндірмей қоймады. Өйткені, қиылыстағы бағдаршамның істен шыққанына байланысты туындаған кептелісті реттеген жасөспірім көлік жүргізушілерін өзінің қол қимылдары арқылы тыңдата алған.

Оның нұсқауларына жол қозғалысы қатысушыларының барлығы бағынған.

Ал видеоның басты кейіпкері шымкенттік мектептің оқушысы болып шықты.

Дастан Өміртаев сол күні үйге жаттығудан қайтып келе жатқан. Қиылыста кептеліс туған сәтте ол жақын маңда полицейлер жоқ екенін түсініп, бірден көмекке ұмтылыпты.

"Шымкентте полицейлер көлік кептелісін қалай реттейтінін бірнеше рет көргенмін. Олардың істегенін қайталадым. Рас, таяқшам мен ысқырығым болмады. Сол үшін қолыммен көрсетіп тұрдым. Көлік жүргізушілері маған ол үшін алғыс та білдірді", - дейді Шымкент қаласындағы №114 Жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Дастан Өміртаев.

Мектеп оқушысының ата-анасы видеоны көргенде қатты уайымдаған. Олар баласына әрекеті үшін алғыс білдіріп, келесі жолы қайталамауды сұрапты. №114 мектеп басшылығы да Дастанмен әңгімелесу жұмыстарын жүргізген.

"Бір жағынан баланың көшедегі адамдарға көмектескені жақсы, әрине. Біз оған алғыс айттық, бірақ қауіпсіздік мәселесі бар. Бұл тақырыпта жиналыста оның ата-анасымен сөйлестік. Көшеде бір жағдай бола қалса, шұғыл қызметтерге хабарласу керек", - дейді №114 орта мектебінің директоры Асқар Өмірәлиев.

Дастан мектепте озат әрі үздік оқушысы. Ол жүзумен айналысады, ағылшын тілін де үйреніп жүр. Болашақта кәсіпкер болғысы келеді. Педагогтар жетінші сынып оқушысының әрдайым көмекке келуге әзір екенін айтады.

Полицейлер балақайдың әрекетін қалай бағалары белгісіз. Олар видеоны зерттеуде.