Шымкентте көңілдесін балғамен ұрған азамат ұсталды

0
542

Ол кірісімен ер адам оған бұрыштан шабуыл жасап, бір сөз айтпастан балғамен ұра бастаған.


 Шымкентте көңілдесін балғамен ұрған азамат ұсталды

Шымкентте көңілдесін балғамен ұрып, сау-тамтығын қалдырмаған азамат ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жағдай алғаш "Не молчи" қорының парақшасында пайда болды. Оқиға зардап шеккен әйелдің досының сөзімен жазылған.

Құрбысының айтуынша, Екатиринаға озбырлық жасаған бұрын бірге тұрған Умид есімді жігіті. Олардың бірге тұрмайтынына 1,5 жыл болған. Екеуінің некесіз туған 3 баласы бар. Оқиға болған күні Умид үйіне мас күйде келген. Ол кезде балалар үйде күтушімен болған. Оның үйге келуін бұрынғы көңілдесі аулада күткен. Ол кірісімен ер адам оған бұрыштан шабуыл жасап, бір сөз айтпастан балғамен ұра бастаған. Құрбысы бірден полиция шақырған. Оны естіген ер адам қашып кеткен.

- Мен онының балаларына қарап үйінде болғанмын. Бір кезде құрбысы жүгіріп келіп, Катяны ұрып кетті деді. Артынша өзі кірді. Түрін танымайтындай қылып ұрып тастаған. Бет-аузының бәрі қан. Балғамен ұрды дегенді кейін естідік,- дейді жәбірленушінің көршісі Илона Маркичева.

Құрбысының айтуынша, бұл бірінші жағдай емес. Бұрын да талай мәрте ішіп келіп, тепкінің астына алатын еркекке қатысты Екатерина жергілікті учаскелік полицейге 5 мәрте шағымданыпты. Бірақ олар әрдайым оны таба алмағанын айтқан. Қылмыскердің бірде-бір құжаты, тіпті Қазақстан азаматтығы жоқ екен.

Ал оны Шымкенттің полиция департаменті тәулік өтпей ұстап, болған жағдайға байланысты түсініктеме берді.

- 94 жылғы азамат ұсталды. Қазіргі таңда кінәсін толық мойындады. Жәбірленушіні ұрған кезде оның мас хәлде болғаны анықталды. Ол ішкілікке бейім, беріліп кеткен азамат деп есептеледі, - деп мәлімдеді Шымкент қалалық ПД тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Әбдіраманов.

Бұл жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 110-бабы 1-бөлігі "Азаптау" бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.