Шымкентте қоршаған ортаны ластағандардан 16 млн 520 мыңнан астам теңге өндірілген

0
544

Қоршаған ортаға келтірген залалды өндіру үшін жалпы сомасы 64 млн 531 мың теңгеге 58 нұсқама берілген.


Шымкентте қоршаған ортаны ластағандардан 16 млн 520 мыңнан астам теңге өндірілген
Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы міндетін атқарушы Е.Қозыбаев 2021 жылы атқарылған жұмыстар бойынша брифинг өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Брифинг барысында есепті жылы жалпы 44 тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 14 млн теңгеден астам 199 әкімшілік айыппұл салынып, қоршаған ортаға келтірген залалды өндіру үшін жалпы сомасы 64 млн 531 мың теңгеге 58 нұсқама беріліп, 56 нұсқамаға қатысты 16 млн 520 мыңнан астам теңге өндірілгенін атап айтты.
"2021 жылы «Ғарыш сапары» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторинг арқылы қала аумағында бей-берекет қоқыс үйінділерінің 47 координаттық нүктелерін анықтаған. Бүгінгі күнге, аудан әкімдіктері тарапынан бұл орындар толық тазаланды. Департамент жобаларды қарау кезінде қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды, ескі технологияларды жаңғыртуды және тиімді табиғат қорғау іс-шараларын енгізуді талап етеді", - деді Е.Қозыбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде 2 миллиардтан астам ағаш көшеті орман қоры жерінде және 15 миллион - елді мекендерде отырғызылатындығы атап өтілген. Департамент бұл іс-шарадан қалыс қалмай, қала аумағын көгалдандыруға табиғат пайдаланушыларды жұмылдырып, 2021 жылдың мамыр айына дейін қаланың жасыл белдеу аумағына 11 мыңнан астам көшет отырғызылды.