Шымкентте мәдениет саласының өкілдері қамауға алынды - басқарма мәлімдеме жасады

0
578

Олар аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікке ілінгендігі айтылған.


Шымкентте мәдениет саласының өкілдері қамауға алынды - басқарма  мәлімдеме жасады

иллюстрациялық сурет интернеттен алынды

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғаларын әшкереледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жаңалықтарын бөлісетін телеграм каналында жарияланды.

"Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Агенттікпен бірге, Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғаларын әшкереледі.
Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 80 млн.теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деп күдіктелуде.
Аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Іс бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде", - делінген хабарламада.


Аталған мәліметке сәйкес басқарма тарапынан ресми мәлімдеме жасалды.
"Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғалары (басшы, басшының орынбасарлары) барлығы жұмыс орнында екенін назарларыңызға жеткіземіз. Сонымен қатар, еңбек демалысында жүрген 3 маманнан басқа қызметкерлер де түгел жұмыс орнында. Басқармаға құқық қорғау органдары тарапынан ресми хат келіп түскен жоқ" , - делінген Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ресми мәлімдемесінде.