Шымкентте мәдениет және өнер қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

0
1 054

​"21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні" мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.


Шымкентте мәдениет және өнер қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

"Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ғимаратының мәжіліс залында "21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні" мерекесіне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мерекелік жиынға "Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, "Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, "Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша төрағасы Бастарбек Пірімбетов және Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Руслан Шерімов, мәдениет қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
"21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні" – халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды жұдырықтай жұмылдыратын мерейлі күн. Бұл – қалам сертін қалтқысыз атқарып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр жəне опера əртісінің, өңірлерлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегін елеп, алғыс айтатын кəсіби мереке.
Мерекелік жиынды ашып берген "Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев:
«Алдымен, Мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Халықтың қазынасы, ұлттың құндылығы. Әр халық – өзіндік мәдениеті, руханияты, салт-дәстүрімен дара, биік. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Мәдениет тұғыры қашанда биік болып қалады. Тіпті Ұлы Отан соғысының өзінде қолына қару ұстамаса да, мәдениет қызметкерлері алдыңғы шепте болған. Құрметті мәдениет, өнер саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер нәрімен суысындатып жүре беріңіздер! Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болсын демекпін! Қашан да өңіріміз мәдениеттің мәуелі көшін бастай берсін! Ұранымыз «Әділеттілік пен дамуға бірлікте!», – деді Бауыржан Ілімшеұлы.
Салтанатты жиын барысында өңіріміздің бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосқан мәдениет қызметкерлері мен ардагерлеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және "Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігінің "Мәдениет саласының үздігі", "Мәдениет майталманы" медалі мен "Құрмет грамоталары" табысталды.