Шымкентте медицина саласын реформалау аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр

0
838

Шымкент қаласы бойынша 13 мемлекеттік емхана 600 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.


Шымкентте медицина саласын реформалау аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр

Шымкент қаласында медицина саласын реформалау аясында жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасы төңірегінде өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар бойынша брифинг өткізді.

«Нақтырақ айтатын болсам, сегіз өңірде перенеталдық орталық салу көзделіп отыр. Соның бірі – осы Шымкент қаласында салынады. Бұл қуантарлық жағдай. Өйткені біздің қала халқының 40%-нан астамы ұл балалар. Одан бөлек балалардың тууы көп. Былтырғы жылы 34 000-нан аса бала туылған. Биылғы жылы да 6 айдың ішінде 15 625 бала туылды. Қазіргі таңда бір перенеталдық орталық, үш перзентқана жұмыс істеп тұр. Одан бөлек 315 төсектік балалар ауруханасы бар. Қала тұрғындарына бүгінде 44 емхана қызмет көрсетуде. Оның ішінде он үші мемлекеттік, ал отыз бірі жекеменшік. Жергілікті бюджет арқылы екі мекемемізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалада шалғай елді мекендер көп. Осы ретте, алдағы уақытта 2025 жылға дейін 6 емхана салу көзделіп отыр. Медицина саласының сапасын көтеру үшін маман білікті болуы қажет. Биыл 2 932 маман біліктілігін арттырды», - деді Нұрлыбек Абибуллаұлы.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 13 мемлекеттік емхана 600 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетсе, 31 жекеменшік емханада 507 мың адам тіркелген. Алайда, 2025 жылға дейін қалаға 6 емхана керек деп қарастырылып отыр. Бұл емханалардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салу мәселесі де қаралып жатыр. Шымкент қаласында 4760 дәрігер қызмет етеді 10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 42,1 құрап отыр, 10496 орта буын медициналық маман қызмет етеді 10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 92,8 пайыз. Қалада алты ай ішінде 2938 медициналық қызметкерлер шет елде және республикалық орталықтарында біліктілігін арттырған. Арнайы оқытудан өткен медицина мамандары арасынан қалада алғаш рет балаларға кеңес беру үшін он педиатриялық мобильді бригада құрылды.