Ол мектеп директорының цифрлы қолтаңбасын қолдану арқылы мемлекет қаражатын жымқырып отырған.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, аталған қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекет бас есепшінің тарапынан 2020-2023 жылдар аралығында орын алып отырған.
“Атап айтқанда, мектеп директорының электронды цифрлы қолтаңбасын (казтокен) қолдана алмауына байланысты бұйрықпен бас есепшіге жүктеп қойған. Өз кезегінде бас есепші директордың жауапсыздығын, қызметіне деген салғырт қарауын жеке бас пайдасына пайдаланып, өзіне заңсыз тапсырылған электронды цифрлы қолтаңбаны қолдану арқылы мемлекет қаражатын жымқырып отырған. Бас есепшінің қылмыстық іс әрекетінен мемлекетке жалпы соммасы 67 миллион теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілген” - делінген жазбада.
Департаментпен мемлекет қаражатын аса ірі көлемде жымқырған Білім басқармасына қарасты жалпы орта мектебінің бас есепшісіне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Айта кетейік, 25 сәуірден бастап қалалық білі беру басқармасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталды.
Ол жұмыстарға қаржы саласындағы мамандар (ДВГА, ревизоры, казначейства), қоғам белсенділері және басқа тұлғалар қатыстырылып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің міндеттеріне қылмыстық құдалау функциясымен қатар, ондай қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, себептерін жою жүктелген.