Білім басқармасындағылар туындағана мәселелерді ата-аналардың мектеп таңдауына еркіндік берілгенімен байланыстырып отыр
Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданының бастауыш сынып оқушылары қоғамдық жуыну орны болған нысанда білім алып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Шымкенттегі Нұрсәт шағын ауданында мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары оқу жылын бұрынғы монша ғиамаратындағы сыныптарға айналған жуынатын бөлмелерде бастады. Сырланып, мектепке ыңғайластырылған ғимараттан бөтен иіс сезілмейді екен. Дегенмен, өздері талай жуынған жерде баласы оқып жатқанына наразы болған бірлі-жарым ата-аналар баласын әкетіп жатыр екен.
Ал, кейбір тұрғындар ризашылығын айтып, «Моншаны мектепке айналдырғаны дұрыс болды. Себебі, Нұрсәтте тұрғын көп, олар балаларын алысқа тасымай, жақын жерге оқытқысы келеді. Өз басым қатты қуанып тұрмын. Енді сабаққа бару үшін автобуспен сығылысып жүрмейді. Біз бұған түсіністікпен қарауымыз керек», - деген пікір білдіріп жатқан көрінеді.
Сондай-ақ, №80 мектеп-лицейдің директоры Сәуле Қалыбекова бұндай әрекетке оқушы санының көптігінен мәжбүрлі түрде барып отырғандарын айтты.
«№ 80 мектеп-лицейде 4 350 бала бар және олар 1 200 орындық ғимаратқа сыйысуға мәжбүр. Бірінші сыныптың өзі – 20 сынып болды, сондықтан үш ауысымда оқымас үшін ғимарат жалдауға тура келіп отыр. Мыңнан астам бала оқитын ғимараттың жалдау ақысы – 2 млн 800 мың теңге, ол жергілікті бюджеттен төленеді. СЭС бұл жерде оқуға болатынын айтты», - деді мектеп басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар, мыңнан астам бала білім алып жатқан ғимаратта спорт залы да жоқ.
Жалпы, Шымкентте биыл 5 мектеп қолданысқа берілгенмен үш ауысым мәселесі бұрынғыша қалып тұр. Бұл мәселені білім басқармасындағылар ата-аналардың мектеп таңдауына еркіндік берілгенімен байланыстырып отыр.