Шымкентте өндіріс қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын іске қосылды

0
2 196

Жоба бойынша жылына 400 мың тонна өндіріс қалдықтары қайта өңделеді.


Шымкентте өндіріс қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын іске қосылды

Шымкентте түсті металдар концентратын алу үшін қалдықтарды қайта өңдейтін өндіріс орны іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кәсіпорынның зиянды қалдықтарды залалсыздандыруда экологиялық маңызы зор. Қаламыздағы бірегей жобаның жұмысымен бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов танысты.

«Standard Steel KZ» ЖШС бұрынғы қорғасын зауыты өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеуді жүзеге асырады.

Жоба бойынша жылына 400 мың тонна өндіріс қалдықтары қайта өңделеді. Бүгінгі таңда жобаның жылына 250 мың тонна қалдықтарды өңдейтін бірінші желісі жұмысын бастады. Зауыт биыл қараша-желтоқсан айларында толығымен іске қосылады.

Бүгінде қоршаған ортаны қорғау, түсті метал өндірісін дамытуда қалдықтарды қайта өңдеудің маңызы өте зор. Жоба толығымен іске қосылса, экологияны зиянды қалдықтардан тазартуға зор үлес қоспақ.

Сондай-ақ, кәсіпорын басшылары 400 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Яғни, аталған өндіріс орнының экологиялық тиімділігімен қатар, әлеуметтік-экономикалық ролі де зор. Өндіріс ошағы толық қуаттылығында жұмыс істегенде, аумақ зиянды қалдықтардан 3-4 жылда тазартылатын болады.