Шымкентте өткен жылы туризм саласына 52,6 млрд теңге инвестиция тартылған

0
443

37 мыңдай адам қызмет етуде.


Шымкентте өткен жылы туризм саласына 52,6 млрд теңге инвестиция тартылған

Қазіргі таңда үшінші мегаполистің туристік әлеуетін арттыру үшін 37 мыңдай адам қызмет етуде. Ал, тартылған инвестиция көлемі – 52,6 млрд. теңгеге жеткен.

Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы өз қызметін 5 басым бағытта жүзеге асырады. Олар: туристік инфрақұрылымды әрі қарай дамыту, қызмет көрсету сапасын жақсарту, яғни сервисті жетілдіру, креативті индустрияны дамыту, маркетингтік ілгерілету және сыртқы байланыстарды нығайту. Осы бағыттардың ішінде сыртқы байланыстың да маңызы зор. Мәселен, бүгінгі күні Шымкент Худжанд, Могилев, Байинь, Стивенэйдж, Измир, Паттайя, Ахарнон, Гроссетто, Эскишехир, Адана сынды 10 қаламен бауырластық қарым-қатынас орнатқан.


(сурет: қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы)

Туризм саласын одан ары дамыту мақсатында 2020 жылдың қараша айында «Visit-shymkent.kz» туристік порталы іске қосылған болатын. Қазіргі таңда туристік порталға қала аумағындағы 700-ден аса туристік сала өкілдері мен нысандары енгізілген. Аталған портал қала тұрғындары мен қонақтары үшін өте тиімді десек артық болмас еді. Туристік портал арқылы қала аумағында орын алған әрбір мерекелік іс-шара мен театрлық қойылымдарға билет броньдап алуға болады. Бүгінгі күнге дейін портал арқылы 138 мыңнан аса онлайн билет сатып алынған.

Елге саяхаттап келген туристтер үшін қонақ үй негізгі мәселелердің бірі болып саналады. Яғни кез-келген адам саяхаттайтын жерін таңдаған соң, сол жерде тұрақтайтын қонақ үйіне де баса назар аударатыны анық. Оның ішінде әлбетте қонақ үйдің жайлылығы, бағасы, орналасқан жері сынды мәселелер басшылыққа алынады. Бұдан шығатын қорытынды туризм саласының қарыштап дамуына қонақ үйлердің тигізер әсері орасан зор.



Аталған мәселелерге Шымкент қаласында да баса назар аударылуда. Яғни келген қонақтарға барынша ыңғайлы жағдай жасау мақсатында түрлі жұмыстар қолға алынуда. Атап айтар болсақ, «Kazakh tourism» АҚ-ның «e-qonaq» жүйесін Шымкент қаласының қонақ үйлерінде орналастыру жұмыстары жүруде. Бүгінде Шымкент қаласының 76 орналастыру орнында аталған жүйе енгізілген. Бұл жүйе туристтердің көші-қон полициясына барып, уақыт жоғалтпай, тоқтаған қонақ үйде тіркеуден өтуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл жүйе шаһарға келушілер үшін өте тиімді.

Туризм саласы ел экономикасына елеулі өзгеріс әкелетін негізгі тетіктердің бірі. Туризмді дамыту арқылы елдің экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болады. Осы ретте туризмді одан әрі дамытуды мықтап қолға алу керек.


ERNUR.KZ