Департаменттегілердің мәліметінше, сот қаулысымен күдіктіге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, іздеу жарияланған екен.
ERNUR.KZ. Шымкентте 4-қабаттан секіріп кеткен күдікті туралы полицейлер түсінік берді. Оқиға Полиция департаменті ғимаратында емес, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасында болған екен. Полицейлер 4-қабаттан секірген ер адам "Алаяқтық" және "Зорлау" баптары бойынша күдікті екенін айтты, деп жазады Экспресс К.
Департаменттегілердің мәліметінше, сот қаулысымен күдіктіге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, іздеу жарияланған екен. 18 желтоқсан күні полицейлер оны ұстаған және Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жеткізіпті.
"Жедел-тергеу тобы оқиға орнына жеткен кезде аталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілгені анықталды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігімен (Зорлау) де тергеп-тексеру жүргізілуде", - деді қалалық Полиция департаментіндегілер.
1987 жылы дүниеге келген күдікті 4-қабаттың терезесінен емес, ғимарат ішіндегі баспалдақтан секірген болып шықты.
"Күдікті жәбірленушімен жанжалдасып, оны жанына қарай итеріп жіберген. Сосын баспалдаққа қарай ұмтылып, 4-қабаттан секірген. Одан кейін 3-қабаттың қоршауынан ұстап, ағаш тақтайшаға құлаған. Ол ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде ешқандай дене жарақаты анықталған жоқ. Күдікті Әл-Фараби аудандық сотының қаулысы негізінде департаменттің уақытша ұстау изоляторына қамалды" деп қосты департаменттегілер.
Полицейлер ер адам ешкімге шағымы жоқ екенін айтып, арыз жазудан бас тартты деп отыр.