Бүгінге дейін, санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 7 нысан қызметін тоқтатты.
Шымкентте мониторингтік топ Қаратау ауданындағы бірқатар нысандардың санитарлық эпидемиологиялық жағдайын бағалау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қалалық Бас санитарлық дәрігердің Қаулысына сәйкес, қаладағы азық-түлік дүкендері мен моншалардың жұмыс уақыты түңгі 21:00-ге дейін созылған.
"Нұрсәт" шағын ауданында орналасқан "Фатима" моншасы да таңғы сағат 10:00-ден кешкі 21:00-ге дейін қала тұрғындарына қызмет етеді. Тексеру барысында монша әкімшісі қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, санитарлық талаптар қатаң түрде сақтап жатқандықтарын айтты.
"Карантин кезінде, барлық ғимараттағы қызметкерлерде медиицналық бетперде, бір реттік қолғап және антисептик болуы керек. Және ғимартқа кірушілерде міндетті түрде маска болу шарт. Кемшілік болған жағдайда, бірінші ескерту беріледі. Одан нәтиже шықпағанда әкімшілік хаттама толтырылып, хат сотқа өткізіледі.", - деді Қаратау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Пернеева.
Ал, "Медина" қоғамдық тамақтану орнындағы қызметкерлерге алғашқы ескерту берілді.
Арнайы қызметтік киімдерінің жоқтығы назарға алынып, Қаулы бойынша сақтық шараларын жүзеге асырудың маңыздылығы ескертілді.
Өздеріңізге мәлім, қазір тамақтану орындары 50 адамға дейін өз тұтынушыларын қабылдай алады. Тамақтану орындарының жұмыс уақыты түңгі 23:00-ге дейін ұзартылған.
"Медина" дәмханасы әкімшісінің айтуынша, қазір мұнда келушілер саны аз. Алайда, қатты шығынға ұшырамадық дейді.
Ал, "Жаңалық" дүкенінің сатушысы арнайы мониторингтік топты көргенде аздап абдырап қалды. Өйткені, дүкен ішінде маскасыз жүрген тұтынушыларды көзіміз шалып қалды. Сонымен қатар, өзі де толыққанды санитарлық талаптарды сақтамағандығы анықталды.
"Күн ыстық. Мұндай ыстықта маска киіп жүру оңай емес. Бір реттік маскалардан аллегриямыз шығып кетті. Қазір дүкенге келушілердің температурасын өлшемейміз. Өйткені, аппаратымыз бұзылып алған. Жөндеуге бердік. Бірақ маскасыз адамдарды кіргізбейміз. Тұрғындарға барынша түсіндіріп жатырмыз", - деп ақталды сатушы.
Ал, киім-кешек сататын бұл дүкен біз жанына барғанша ашық тұрды. Ешқандай қорғану шараларын жүргізбеген дүкенші лезде, "Біздің дүкен жабық. Қазір тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз." деп есігін тарс жапты.
Естеріңізге сала кетейік, карантин кезінде Қаулыға сәйкес санитарлық нормаларды бұзған жағдайда, алғашында ескерту берілгенімен, заңбұзушылық қайта орын алса, ғимарат өз жұмысын тоқтатады.
Бұған дейін, Шымкент қаласы бойынша карантин кезіндегі талаптарды ескемегеніне байланысты, 7 нысанның есігі қайта жабылған болатын.
Айта кетейік, Қаратау ауданында бүгінде 50 орыннан жоғары қоғамдық тамақтану орындарының саны 101 болса, 50 орыннан төмен қоғамдық тамақтану орындарының саны 45, 162 сауда орындары болса, оның 8-і ірі сауда орындары. Бұдан бөлек 22 тойхана мен мейрамхана бар.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1022 жағдай тіркелген.