Қазақша үйренуге ниет білдірген Ресейден, Ауғанстаннан, Украинадан, Татарстаннан, Әзірбайжаннан келген шетелдік азаматтар қазір мемлекеттік тілдің бастапқы деңгейінде сөйлей алады.
Бүгінде Шымкент қалалық тілдер орталығында қала тұрғындарымен қатар шетелдік азаматтар да тіл үйреніп жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы «Достық» үйінің «Бірлік» алаңында қолға алынған мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылар саны артып келеді. Бүгінде 30-ға жуық этнос өкілдері аптасына екі рет бас қосып, қазақ тілін оқып-үйренуде. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» бірлесе қолға алған жоба аясында жастарға сабақтан, жұмыстан тыс уақытта тіл үйрену курсына қатысуына жағдайлар жасалған. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің мәліметінше, былтыр «Достық» үйінде ашылған «Бірлік» алаңына жүктелген маңызды төрт міндеттің бірі – этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету болатын. Осы бағытта қалалық ассамблея 8 жоғары, 22 орта арнаулы оқу орындарымен екіжақты меморандум түзіп, соның аясында мегаполистегі этнос жастарына мемлекеттік тілді оқыту жобасын іске асырып келеді. Тіл үйретудің тиімді практикалық әдістерін қолданып, жастарды оқытып-үйретіп жүрген қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының» оқытушысы А.Оспанованың айтуынша, шымкенттік этнос жастарының басым бөлігі қазақ тілін түсінеді. Бірақ ойын айтудан және еркін сөйлеуден қысылады.