Осыған дейін де қаладағы бірқатар тұрғын үйдің сыртында ерекше муралдар көрініс тапқан болатын.
Шымкентте тұрғын үйлердің қабырғасын әдемі суретпен әрлеу сәнге айналып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Айта кетейік, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және «Jusan» банкінің бірлескен бастамасы аясында Шымкент қаласында «Креативті art» жобасы бастау алуда. Жобаға сәйкес, қаланың орталық көшелерінің біріндегі көпқабатты ғимаратта «Этно стильдегі мурал» салынатын болады. Бүгінгі таңда муралды салу үшін орын таңдалып, қалалық сәулет басқармасымен келісу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, креативті индустрия саласында тәжірибе алмасып, халықаралық эксперттерді тарту мақсатында тамыз айында «Креативті апталық» өткізу жоспарлануда. Кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша қалаға келетін қонақтарға арналған креативті тақырыптық маршруттар дайындалып, арнайы буклеттер жасалды.
Одан бөлек, наурыз айында «Шымкент қаласы креативті индустрия ассоциациясымен» бірлесе Нью-Йорк, Милан, Париж секілді ірі сән апталықтарының негізін қалаушылар бастаған 30 шетелдік дизайнерлердің қатысуымен «Responsible Fashion Series» іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар «ShymQala» тарихи-мәдени кешенімен танысып, ұлттық киімдердің сән көрсетілімін тамашалады және ұлттық тағамдар дайындаудың шеберлік-сағаттарына қатысты.