Бұл оқу құралы өзге тілді қазақстандықтардың мемлекеттік тілді тез меңгеруіне мүмкіндік бермек.
Шымкенттегі этномәдени орталық қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Тілашар - сөздік» әдістемелік оқу құралдары дайындалып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған оқу құралы да өзге тілді қазақстандықтардың мемлекеттік тілді тез меңгеруіне мүмкіндік бермек.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар тапсырмалар бергені белгілі.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады»,- дей келе, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді отбасынан, балабақша мен мектептерден бастауды тапсырды.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Шымкент қаласында мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, бүгінгі танда орыс сыныптарында қазақ тілін тереңдетіп оқыту қолға алынған.
Қазақ тілін оқытудағы ең тиімді тәсіл – тіл дамыту әдісі. Осы мақсатта қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері сөздік жұмысы, жаттығуларды жазбаша және ауызша орындау арқылы дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сонымен қатар, тіл үйренушілерге арналған «Қазақ тілін оқытудың әдістемесі» оқу құралы арқылы дәріс берілуде. Бұл оқу құралында әлеуметтік-тұрмыстық, күнделікті өмірде қолданылатын сөз орамдары мен лексикалық минимумдар, сөйлеу әрекеттерінің жазылымы, оқылым, сөйлесім, тыңдалым, айтылым бөліктері қамтылған.
Айта кетейік, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 246 білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 92 мектепте 91371 оқушы қазақ тілінде білім алса, аралас тілді 154 мектепте 157 816 оқушы оқиды. Бүгінде аралас тілді мектептерде өтетін іс-шараларды қазақ тілінде өткізуге басымдық беріліп отыр.