Шымкентте «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы өтті

0
732

Аталған экспедиция туған өлкені танып білуге, оқушылардың бойында туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын білуге, оқушы бойында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған.


Шымкентте «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы өтті

Шымкенттік оқушылар туған өлкенің тарихи-мәдени құндылықтарымен танысуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

NIS жүйесінде ең қызықты жобалардың бірі — «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы өтті. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өзіндік патриоттық жоба – «Туған елге тағзым» өлкетанулық экспедиция туған өлкені танып білуге, оқушылардың бойында туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын білуге, оқушы бойында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған.
Экспедицияның алғашқы күнінде Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебінің оқушылары «Оңтүстігім – ұлық өлкем» атты жобасы аясында Түркістан облысы және Шымкент қаласы тарихымен танысуға арналған танымдық экскурсияға шықты.
Жас өлкетанушылар экспедиция маршруты бойынша өлкенің көне мәдени мекемелерінің бірі тарихи-өлкетану мұражайы мен «Әдет-ғұрып, салт дәстүрлер» орталығына барып, мұражай жетекшілері тарихи жәдігерлер жайындағы деректермен тереңірек бөлісті.
Өлкетану-зерттеу экспедициясының екінші күнінде Шымкенттік зияткерлер Шымкенттің жарқын туристік брендіне, қала тұрғындары мен қонақтары үшін айрықша орынға айналған ежелгі «Цитадель» қалашығы және «Қошқар ата» өзенінің жағалауы, «Тәуелсіздік алаңында» саяхаттады.
Сондай-ақ қызыққа толы экспедиция күндері оқушылар Шымкент қаласы Түркістан жоғары аграрлы колледжі базасында орналасқан жылыжай жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Онда зияткерлер өз ісін сүйіп жасайтын агроном мамандардан жемістердің өсу жолдарын, оларды күтіп баптау процесстерін тыңдады. Түркістан жоғары аграрлы колледжі базасында сондай-ақ ешкі, бие сынды үй жануарларын да өсіреді. Оқушылар үй жануарларының даму жолдарын көріп, тіпті ешкі сүтінен жасалған құрттың да дәмін татты.
Ары қарай жас зерттеушілер "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында орналасқан дымқыл майлықтар шығаратын түрік инвестицияларының қатысуымен жүзеге асырылған - “DALSAN” ЖШС, дайын тоқыма бұйымдарын өндіруді ұйымдастыратын - «Шымкент-Кашемир» ЖШС және ерлерге және ұл балаларға арналған іш киім тігу фабрикасы - “SAGITEX GROUP” ЖШС пен интеграцияланған автоматтандырылған иіру және бұрау фабрикасы - «Azala Cotton» ЖШС жұмысымен танысты.
Сондай-ақ оқушылар экспедиция аясында Түлкібас ауданында орналасқан «Түркібасы әулие кесенесі» тарихымен танысып, ЮНЕСКО дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген, Қазақстанның ең көне қорығы - Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығына, Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен, кесене маңындағы түрлі сәулет өнерінің ескерткіштерін көзбен көріп, зерттеуге мүмкіндік алды.

- «Тарихты кітап беттерінен оқығаннан, оларды өз көзіңмен көріп тамашалаған мүлдем басқаша әсер сыйлайды екен. Саяхаттаған әрбір орындарымыз түрлі эмоция сыйлады», - дейді экспедицияға қатысушы 9-сынып оқушысы Сыдыков Арсен.