Шымкентке қыдырып келуші азаматтарға жаңа «Tolem Tourist» картасы әзірленуде.
Шымкент қаласында туристерге арналған жаңа төлем картасы пайда болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарәлі Раманов «Ашық микрофон» жобасында мәлімдеді.
Орталық басшысының Шымкентке қыдырып келуші азаматтарға жаңа «Tolem Tourist» картасы әзірленуде. Аталған пилоттық жоба аясында қаладағы туристік нысандарды бірыңғай картаға енгізіп, туристерге дайын жол картасы ұсынылмақ.
– Өзіндік жеңілдіктер қарастырылған арнайы картаға енгізілетін кәсіпкерлік нысандарымен қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде. Алдын ала жасаған зерделеуге сүйенсек, картамен төлем жасау нысандардың әрқайсысына жеке-жеке төлем жасаудан бірнеше есеге арзанға түседі. Қазіргі таңда сатылым бағасы, жарамдылық мерзімі және жетілдіру бойынша жұмыстар басталып кетті, - деді А.Раманов.
Еркін форматта өрбіген жиында орталықтың атқарылып жатқан жұмыстары айтылды. Ашық микрофон алаңына жиналғандар қаланың туристік әлеуетін талқылады. Бұл ретте «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының жобалары тақырыпқа арқау болды. Айдарәлі Рамановтың айтуынша, бес айдың ішінде 5476 адамға ақпараттық- анықтамалық қызмет көрсетілген.
– Орталығымыз ресми түрде наурыз айында өз жұмысын бастады. Қолға алған алғашқы жобамыз Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Хызыр» мұнарасы. Тұрғындардың осы тарихи нысанға абаттандыру жұмыстары жүргізілсе деген өтініштері орындалды. Сонымен бірге, туристік автобустарға арналған BUS STOP тұрақтары 6 локацияда орналастырылды. Атап айтсақ, Тәуелсіздік саябағы, Цирк, Дендро саябағы, Бәйдібек би ескерткіші, Наурыз алаңы, Аль-Фараби алаңдарына орнатылды. «Беркут» парашюттық федерациясы аумағында «Медиа-кемпинг» іс шарасы өткізілді, - деді орталық басшысы
Ал орталықтың қолға алған ең ауқымды жобаларының бірі – «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» атты ел чемпионаты. Шілде айына жоспарланған он күндік ел біріншілігіне 500-ге жуық шахматшы қатысады деп күтілуде.
– 20 шілде әлемдік шахмат күнімен орайластырылып отырған шараның мақсаты – халықаралық шахмат аренасында Қазақстанның оң имиджін қалыптасыра отырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыру, - деді Айдарәлі Раманов.