Шымкентте тұтас бір шағын ауданға ауыз су жеткізетін бір ғана "колонка" жұмыс істейді

0
1 475

Бауыржан Байбек осы мәселеге қатысты барлық бастама партияның жіті назарында болатынын айтты.


Шымкентте тұтас бір шағын ауданға ауыз су жеткізетін бір ғана

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Шымкент қаласының «Азат» шағын ауданына арнайы барып, аудан тұрғындары үшін өзекті мәселеге айналған ауыз су және жылу беру жүйелерімен танысты. Нақтырақ айтсақ, тұтас бір ауданға ауыз су жеткізетін бір ғана «колонка» жұмыс істейді, оның өзі жекенің меншігінде екен. Оған қоса, газбен қамту мәселесінде де аудан халқын әуреге салған түйткілдер аз емес. Мысалы, ауданды газбен қамтып отырған жеке кәсіпкерлердің бағаны қымбаттатуы тұрғындардың жанына бататын көрінеді.

Бұл мәселемен әлеуметтік желі арқылы танысқан Бауыржан Байбек тұрғындарға мемлекет тарапынан ауданның инфрақұрылымын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғанын және алдағы уақытта осы мәселеге қатысты барлық бастама партияның жіті назарында болатынын жеткізді.

«Әрине, бұл жерде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселенің бар екенін білеміз. Бірақ бәрін бірдей шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан мемлекет тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, ең алдымен, газ, жарық және ауыз су мәселесін шешуді қолға алды. Кейін жол және басқа да мәселелерді шешеміз», – деген партия Төрағасының Бірінші орынбасары барлық жұмыстардың заң аясында жүргізілетінін айтты.

Сондай-ақ, Б.Байбек мемлекет тарапынан жер мен үйді заңдастыру жұмыстары қолға алынғанын айтып, тұрғындардың өздерін барлық істе заңға сүйеніп әрекет етуге шақырды және «Азат» шағын ауданы қарайтын Қаратау ауданының әкіміне бұл мәселені басты назарға алу керектігін айтты.

«Әкім елдің ортасында жүруі керек. Ешқашан халықтан қорықпай, азаматтарды алаңдатқан мәселелерді шешу үшін жұмыс істеу қажет. Қандай жағдай болсын әкім халықтың алдына шығып, түсіндіріп, елді ұйыта білуі керек. Өз кезегінде халық та бәрін мемлекеттің мойнына артып қоймай, қоғамдық бақылауды қолға алып, белсенділік танытуы тиіс», – деді Бауыржан Байбек өз сөзінде.

Айта кетейік, аталған шағын аудан 2014-2015 жылдары Түркістан облысының Сайрам ауданынан қала аумағына қосылған. Ал 2017-2018 жылдары қала әкімдігі тарапынан тұрғын алабының жерлерін рәсімдеуге рұқсат берілген. Сонымен қатар, 2019 жылы қала әкімдігі тарапынан 370 жер учаскесіне ауыз су, электр, табиғи газ желілерінің құрылысын жүргізуге арналған жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін 12 млн. теңге қаражат бөлінген.

Ал, жалпы жобалардың болжамдық құнына келер болсақ, ауыз су желілері – 260 млн., электр желілері – 220 млн., ал табиғи газ желілері 250 млн. теңгені құрап отыр. Бұл жұмыстарды жүргізуге 2020 жылғы бюджеттен 480 млн. тенге бөлу жоспарланған және 2020 жылдың наурыз айында бюджетті қайта қарау барысында қалған 250 млн. теңгеге түзету енгізу қарастырылуда. Тиісінше, құрылыс-монтаждау жұмыстары да келер жылы жүргізіледі деп жоспарланып отыр және бұл жұмыстардың барлығын партия өз бақылауына алады.

дереккөз: "Nur Otan" партиясының Шымкент қалалық филиалының баспасөз қызметі